×
Басты бет Афишалар
Тарихы Басшылық Серіктестер Байланысу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері
Ұжымдар Жетекшілер Дирижерлер Әртістер
Жаңалықтар Галерея
×
Іздеу нәтижесі
Басты бет / Жаңалықтар / Ерлан Дакенов: Жаңалық ізденістен туады Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.egemen.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на egemen.kz: https://egemen.kz/article/260178-erlan-dakenov-zhanhalyq-izdenisten-tuady © egemen.kz

Жаңалықтар

Жаңалықтар

Ерлан Дакенов: Жаңалық ізденістен туады Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.egemen.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на egemen.kz: https://egemen.kz/article/260178-erlan-dakenov-zhanhalyq-izdenisten-tuady © egemen.kz

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының халықтық бай музыкалық мұрамыздың жаңа қалыпта, дәстүрде жаңғыру жолындағы еңбегі ересен. Бүгінде үлкен ұжым болып ұйысып отырған көрнекті концерттік ұйым өзіндік концепциясы мен көркемдік ұмтылысын көрсетіп қана қоймай, Қазақстанның мәдени келбетін әлемдік деңгейде насихаттап келеді. Осынау мәдени орталықтың басшысы Ерлан Дакеновпен мереке қарсаңындағы әңгімемізді оқырман назарына ұсынамыз.

– Мәдени астанамыздың шығар­ма­­шылық және көркемдік өсу жолында осы бір көрнекті концерттік ұйым тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар қомақты. Осы дүниелерді рет-ретімен тарқатып айтып берсеңіз.

– Астанамыздың елорда атанғанына аттай 23 жылдың көлемі болып қалған екен. Бұл қалаға ертерек келгендігімнен бе, қала маған өте ыстық. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының қазіргі таңдағы аяқ алысы жаман емес. 11 ұжымның басын қосып отырған мәдени ұйым көптеген іс-шараға мұрындық болып келеді. Өйткені республика бойынша академия деген атымыз бар, екіншіден ұжым өте үлкен, 700-ге жуық адам қызмет етеді. Атап айтар болсақ, қазақ оркестрі, симфониялық оркестр, үрмелі оркестр, ішекті квартет, камералық хор, фольклорлық ансамбль «Сарыарқа», «Шалқыма» халық би ансамблі, «Қорқыт» этно-ансамблі, классикалық және эстрадалық вокал бөлімі, дәстүрлі халық әні бөлімі, «Әлем» эстрадалық би ансамблі. Астана болып енді-енді қалыптасып келе жатқанда салтанатты жиындардың дені осы ғимараттың қабырғасында (бұрынғы Конгресс-холл) дүркін-дүркін өтіп жататын. Тарихи маңызы бар орын десек, артық айтқандық емес. Былтырғы жағдай қай жағынан болсын оңайға соққан жоқ, осындай сын сағатта біз де қарап қалмадық. Көптеген онлайн-концерт ұйымдастырып, оған да үйреністік. Жаз уағында айдынды Есілді пароходпен бойлай жүзіп, думанды концерт өткіздік. Жағадан, балконнан тамашалаған ел-жұрттың ыстық ықыласына куә болып, қызықты сәттерді бірге бастан кешірдік. Сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елбасы күніне орай «Бағаналы ордам – басты ордам» атты түсірілім концерті еліміздің бас арналарынан берілді. «Тәуелсіздік – тұғырым» атты онлайн әзірленген концертімізді де көрермен қауым жылы қабылдады. Камералық хор мен симфониялық оркестрдің қосылуымен жаңа жылдық концертімізбен биылғы жылдың әдемі нүктесін қойғымыз келеді.

– Шығармашылық ізденіс аясы туралы айтып өттіңіз, осы орайда ха­лық жадында сақталған маңызды, ауқым­ды жобалар жайына да тоқта­лып өтсеңіз. 

– Қазақтың бас ақыны Абай атамыздың 175 жылдығына орай Президентіміз Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың бастауымен эстафета­ны қолға алып, 700 адамның басын бірік­тіріп, үлкен сахнада «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқадық. Мұндай игі бастаманы еліміздегі және ресейлік филармонияларға жолдадық. Қазір де «Абай алдында» атты үлкен жобаның дайындық жұмыстарын пысықтап жатырмыз. Енді жағдай түзеліп жатса, көрерменмен жүзбе-жүз дидарласып, жыл басында өткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, ізденіс жұмыстары тоқтаған емес, сондықтан көрермен қауымнан жаңалықтарымыздан көз жазып қалмауын сұраймыз. Жаңалық ізденістен туады. Поэзия мен музыканы жарасымды ете отырып, хакімнің парасатты ой-толғанысын қайталанбас ерекшелігін сақтай отырып,  ел назарына ұсынсақ дейміз.

– Алашқа Әсет, Шашубай, Манар­бек, Күләш сынды өнер саңлақтарын сый­лаған Ақтоғай өңірінің орны ай­­рықша. Әншілік, күйшілік мұра­мыз­дың көкжиeгiн кeңeйтугe жaсaл­ғaн iзгi қaдaмдар жөнінде айта отыр­саңыз.

– Арқаның айшықты Ақтоғайы – Алаштың арда азаматтары Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев сынды ұлылардың мектебі. Шынында да, бізде ән салмайтын қазақ жоқ, өзіміз де бала кезімізден ән мен күйге талпынып, оның ішінде домбыраға деген қызығушылығым ерекше болды. «Әй, балам, жай отырмай әкеңнен домбыра үйренсеңші», деген шешемнің бір ауыз сөзі көңіліме қанат бітірді. Жыр-терме айтып жүрдік, бірте-бірте дәстүрлі ән, эстрада жағына ден қоя бастадым. Ақмолаға енді келген кезім еді, маңайдың бәрі орысшалау. Жүзі бөлек болса да, жүрегі бір жандар арамызда көп қой. Бірде режиссер Елена Высоцкая есімді замандасымыз «Сенің дауысың бар, ән айт» деп қолқалап жүріп, Таразда өтетін Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық конкурсқа жіберді. Бұл 1996 жылы болатын. Сондағы керемет әншілердің арасынан қалыс қалмай, біз де дипломат атандық. Сол кезде Алтынбек Қоразбаев ағамыз шынайы жанашырлық лебізін білдіріп, арқамнан қаққаны бар. Сол шақтардан бері ұлттық мәдениетіміздің дәpіптeлуi мeн нacихaтын биік бeлeскe көтepу жолында еңбектеніп келе жатқан жайымыз бар. Елбасының игі бастамаларының арқасында өтіп жатқан беделді шараларды ұйымдастыру жұмысына да атсалыса жүріп, бай тәжірибе жинадық. Халықаралық деңгейдегі театрлар фестивалі, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі тұсында да бірқатар жобаны атқаруға үлес қостық.

– Елордалық филармонияның мақтанышына айналған солистерден кім­дерді атар едіңіз?

– Негізінен жастарды қолдауға, оларға бағыт-бағдар беруге назар ауда­рып жатырмыз. Қазақстанның көр­некті музыка қайраткерлері Нұр­жамал Үсенбаева,  Майра Илия­сова, Ернар Мынтаев, Айтқали Жайы­мов, Айгүл Қосанова, Бибігүл Жан­ұзақ, Азамат Жылтыркөзов, Ал­тынай Жорабаева, Гүлзира Бөкей­хан, Нұрай Танабаев, Арайлым Ра­хым­қызы, Күнсұлу Тұрлы­бекова сынды өнер майталмандары филармония қабырғасында еңбек етіп келеді. Жастар – кемел келешегіміздің тірегі десек, Рүстем Жүгінісов, Данияр Мұқанов, Өзгеріс Шерікбай сынды талантты жастар қатарымызға қосылып жатқаны көңіл қуантады. Әншінің өнерін өрістетін нәрсе толыққанды ер­кіндік пен алаңсыз дайындық болса керек. Сондықтан осындағы әр өнер адамының жағдайын қолдан келгенше жасап, жан-жақты қолдау көрсетілуі үшін барымызды саламыз.

– Филармонияның әлеуметтік әлсіз топтарға арналған көптеген қайы­­рым­дылық шара өткізіп жүр­­гені­нен хабарымыз бар. Соның ішінде әйел­дердің тең құқықтары мен мүм­кін­діктерін ескеру қалай жүзеге асырылады?

– Жыл сайын Қарттар үйінде, Бала­лар үйінде, балаларды оңалту орта­лық­тарында, емханаларда және түзеу мекемелерінде концерт беріп келеміз. Филар­монияда зейнеткерлер мен мүм­кіндігі шектеулі жандарға тегін кіруге рұқсат етіледі. Біздің ұжымның басты қасиеті ауызбіршілігі мықты, қандай жағ­­дай болса да бірге бас қосып, ізгілікті бас­­тамаларға ұйытқы болып жүреді. Ка­рантин кезінде де ерікті түрде көп көмек көрсетілді. Ал әйелдер рөлін аттыру мен олардың  тең  құқығын қарастыру үнемі назарымыздан қалыс қалған емес. Фи­лар­мония қабырғасында қызмет етіп келе жатқан әйелдер қауымы біздің ұжым­­ның қозғаушы күші деп айта аламын.

– Өнерсүйер жұртшылықты қуан­тар жаңалықтарыңызбен бө­лісіп, келешек жоспарлар ретін айтып өт­сеңіз.

– Халықаралық шығармашылық ынтымақтастық бағытында да атқарылып жатқан жұмыстар бар­шылық. 2019 жылдың қыркүйек айын­да «Әлемдік қалалар фестивалінде» тарихымызда алғаш рет елордалық симфониялық оркестр өнер көрсетті. Еліміздің айшықты мерекелері назарымыздан ешуақытта тыс қалған емес. Биылғы ең басты мерекеміз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына байланысты дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Мәдениет және спорт министрлігімен біріге отырып, Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, өнер көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Тәуелсіздік – қазаққа оңай келе салған дүние емес, қастерлі, қадірлі күн. Жыл сайын мейрамға қызу дайындық жасалады, биыл да әзірлігіміз ерекше.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»